АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 8-турында Оралдың «Ақжайығы» Алматыда жергілікті «Қайрат-Жастар» командасымен алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Премьер-лигаға шығудан дәмелі оралдықтар өткен турда өз алаңында күтпеген жерден оңтүстікқазақстандық «Арыстан» 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді.
Бұл жолы қазақстандық маман Игорь Прохницкийдің шәкірттері алаңда толықтай үстемдік етті. Әсіресе, украиналық Микола Агапов хет-триктің авторы атанды. Тағы бір голды ресейлік Евгений Кобзарь енгізді.
Осылайша, 4:0 есебімен жеңіске жеткен «Ақжайық» турнир кестесінде 16 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.
«Астананың» жастарын 3:0 есебімен ұтқан «Арыс» (18 ұпай) екінші орында. Семейдің «Елімайы» 19 ұпаймен көш бастап келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан бірінші лигада «Ақжайықтың» қарсыласын ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).