АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінде оныншы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл тур ойындары 31 мамыр, 1, 2 маусым күндері өткізілді.
31 мамырда семейлік «Елімай» сырт алаңда Алматының «Хан тәңірі» командасын 1:0 есебімен сүріндірді.
Осылайша семейлік клуб турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды.
Ал 1 маусымда Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Астана жастарын» 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Шымкенттің «Оңтүстік Академия» клубы Түркістанның «Тұранынан» 0:5 есебімен жеңілді.
Сондай-ақ, 2 маусымда Түркістан облысының «Арысы» өз алаңында «Таразға» 1:3, шымкенттік «Қыран» «Түркістанға» 0:1 есебімен жол берсе, алматылық «Қайрат жастары» «Жас қыранды» 3:0, елордалық «Жеңіс» «Ақтөбе жастарын» 2:1 есебімен жеңді.
Енді қалған ойындар 8, 9, 10 маусым күндері өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.