ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-турындағы алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Қайсар» елордалық «Жеңіс» командасымен кездесті.
Қызылордалық клуб биыл Премьер-лигаға қайта оралуды көздейді. Сондықтан әрбір ойында жеңіске жетудің жолын іздеп келеді. Бұдан бұрын қатарынан төрт мәрте қарсыластарын қапы қалдырған қызылордалық команда кездесу басынан тізгінді өз қолына алуға күш салды.
Нәтижесінде бірінші кезеңнің 13-минутта «Қайсар» шабуылшысы Адама Диалло есеп ашса, 19-минутта басымдықты арттыра түсті.
Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Қызылордалық клуб ендігі ойынын 28 қазанда өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасына қарсы өткізеді.
Сондай-ақ бүгін «Академия Оңтүстік» өз алаңында Жамбыл облысының «Игілігіне» 1:4 есебімен жол берді.
Аталған турдағы қалған ойындар 22 қазан күні өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.