Футболдан бірінші лигада «Тұран» тоғыз ойын қатарынан жеңіске жетті

Фото: sports.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатында түркістандық «Тұран» тоғыз ойын қатарынан жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандық клуб 15-турда алматылық «Жас Қыранды» 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша қатарынан тоғызыншы мәрте жеңіске жетті. Нәтижесінде турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Екінші орындағы семейлік «Елімайдан» бір ойын артық өткізіп, екі ұпайға озып кетті.

Сондай-ақ елордалық «Жеңіс» Шымкенттің «Қыранынан» 3:0 есебімен басым түсті.

13 шілдеде «Түркістан» елордалық «Астана-2» командасын, алматылық «Хан тәңірі» Шымкенттің «Оңтүстік академиясын», Павлодар облысының «Екібастұзы» Түркістан облысының «Арысын» 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда «Ақтөбе-2» командасын 1:0 есебімен жеңді.

Енді аталған турда 15 шілдеде семейлік «Елімай» алматылық «Қайрат жастармен» кездеседі.