АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылық «Жас Қыран» футболдан бірінші лигада қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматылық клуб 14-турда өз алаңында «Тараз» командасын қабылдады.
Ойын барысында алаң иелері қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті. Осылайша турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді.
Ал «Тараз» турнир кестесінде 10-орынды місе тұтып тұр.
Сондай-ақ, Шымкенттің «Оңтүстік академиясы» мен Павлодар облысының «Екібастұзы» 1:1 есебімен тең түссе, Оралдың «Ақжайығы» «Түркістанды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді 7 шілдеде «Арыс» (Түркістан облысы) пен «Елімай» (Семей), «Қыран» (Алматы) мен «Хан тәңірі» (Алматы), «Кайрат жастары» (Алматы) мен «Ақтөбе жастары», «Астана жастары» мен «Тұран» (Түркістан) командалары кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футзалдан қазақстандық клубтардың Чемпиондар лигасындағы қарсыластары анықталған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.