АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан биылғы «Алтын доп» иегері, Франция құрамасының шабуылшысы Карим Бензема Қатардағы әлем чемпионатына қатыспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойыншы кеше Франция құрамасының жаттығуы кезінде жарақат алып қалған. Дохадағы ауруханада қаралғаннан кейін оның сол жамбасының бұлшық етінен жарақат алғаны, одан жазылу үшін үш апта керектігі белгілі болды.
Осылайша, биылғы «Алтын доп» иегері Карим Бензема 2018 жылғы әлем чемпионы Франция құрамасына көмектесе алмайды.
Карим дүниежүзілік додадан кейін Испания чемпионатында «Реал» (Мадрид) командасының ойындарына дейін қалпына келе алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатында алғашқы кездесуде бас төреші белгіленгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).