12 қыркүйекте жанкүйерлер Ақтаудың «Каспий» және Павлодардың «Ертіс» командалары кездесуіне көз тікті. Турнир кестесінде алғашқы екі орынды өзара бөліскен клубтар ойыны тартысты өтті. Нәтижесінде ақтаулық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде аталған қарсыласынан ұзап кетті.
Сондай-ақ бұл күні өскемендік «Алтай» өз алаңында астаналық «SD Family» клубын 4:0, «Тараз» Павлодар облысының «Екібастұзын» 1:0 есебімен жеңді.
Ал 11 қыркүйекте қарағандылық «Шахтер» мен алматылық AKAS клубымен 1:1 есебімен тең ойнаса, «Академия Оңтүстік» (Шымкент) өз алаңында «Ақтөбе-2» клубын 2:1, «Түркістан» алматылық «Хан тәңіріні» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Турнир кестесінде алғашқы үш орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.
Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.