Футболдан Бірінші лигада «Каспий» қарсыласынан ұзап кетті

Фото: caspiy_fc

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Бірінші лигада ХХ турының алғашқы ойын күні өтті.

Көш басында келе жатқан ақтаулық «Каспий» бұл жолы да сүрінген жоқ. Сырт алаңда алматылық «Хан тәңірі» командасын 2:1 есебімен, турнир кестесінде 50 ұпаймен көш басында келеді. Олар екінші орында келе жатқан Павлодардың «Ертісінен» бес ұпайға ұзап кетті.

Сондай-ақ бүгін өткен ойындарда астаналық «SD Family» «Түркістанды» 7:0, алматылық «Қайрат-2» сол қаланың тағы бір өкілі AKAS клубын 3:0, Павлодар облысының «Екібастұзы» шымкенттік «Академия Оңтүстікті» 2:1 есебімен жеңсе, «Ақтзбе-2» Түркістан облысының «Жетісайына» 1:2 есебімен жол берді.

Енді 29 тамызда «Шахтер» (Қарағанды) мен «Алтай» (Өскемен), «Ертіс» (Павлодар) пен «Тараз» ойнайды.

Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.

Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий», «Алтай» үздіктер қатарынан көрінуге таласып келеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасында «Ақтөбе» әйелдер клубы «Ромаға» есе жіберді.