Футболдан бірінші лигада «Каспий» сырт алаңда үш ұпай олжалады
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші турында Ақтаудың «Каспий» командасы жеңіске жетті.
Ақтаулық команда былтыр Премьер-лигада ойнады. Турнир кестесінде төменгі орынның бірін місе тұтып, бірінші лигаға түсіп қалды. Биыл алдына қайтадан үздіктер қатарына қосылу мақсатын қойып отыр.
Ақтаулық клуб бүгінгі кездесуде сырт алаңда «Арысты» 2:0 есебімен сүріндірді.
Ал «Ақжайық» өз алаңында «Екібастұзға» 0:1 есебімен жол берсе, Шымкенттің «Қыраны» «Түркістанға» 1:2 есебімен жеңілді.
Айта кетсек, 4 сәуірде «Оқжетпес» сырт алаңда «Таразды», «Ұлытау» «SD Family» командасын 2:1 есебімен тізе бүктірсе, «Қайсар-жас» «Ақтөбе-жастан» 3:1, «Хан Тәңірі» «Жетісайды» 1:0 есебімен жеңді.
Енді 7 сәуірде «Қайрат-Жастар» «Алтайды» қабылдайды.