Футболдан Бірінші лигада «Каспий» «Жетісаймен» тең түсті

Фото: Футболдан Қазақстан кәсіби лигасы

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Бірінші лигада 14-туры мәресіне жетті.

Бұл турдың екінші ойын күні, 18 шілдеде төрт ойын өткізілді. Олардың арасында көш басында келе жатқан «Каспий» (Ақтау), «Ертіс» (Павлодар), «Алтай» (Өскемен) клубтары бар. 

Ақтаулық команда өз алаңында Түркістан облысының «Жетісайын» қабылдады. Олар ойламаған жерден қарсыласымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. «Каспий» сапынан Мирас Тұрлыбек 10, 75-минутта гол соқса, түркістандық клубтан Нұржан Дандыбаев 8, Аян Құлмағанбетов 14-минутта мергендік танытты. Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.

Ал «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбе-2» командасын 3:0 есебімен жеңсе, алматылық «Хан тәңірі» сол қаланың «Қайрат-2» командасына 0:4 есебімен жол берді. 

Сондай-ақ «Тараз» бен «Академия Оңтүстік» клубтары 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Аталған турда 17 шілдеде Павлодар облысының «Екібастұзы» өскемендік «Алтайдан» 1:3, «Түркістан» алматылық AKAS клубынан 0:2 есебімен жеңіліп қалса, қарағандылық «Шахтер» астаналық «SD Family» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.

Енді алдағы тур ойындары 24 және 25 шілде күндері өткізіледі.