Аталған турда Көкшетаудың «Оқжетпесі» қайтадан көш басына шықты. Соңғы төрт турда олар екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алған еді. Бұл жолы көкшетаулық команда «Түркістанды» 7:0 есебімен тізе бүктіріп, көш басына шықты.
Аталған командамен бірге бас жүлдеге негізгі үміткер саналатын Жезқазғанның «Ұлытауы» бұл жолы сырт алаңда Павлодар облысының «Екібастұзына» 3:4 есебімен есе жіберді.
Енді алда екі тур қалды. «Оқжетпес» енді 18 қазанда сырт алаңда «SD Family» клубымен кездессе, 25 қазанда биылғы маусымды өз алаңында Қызылорданың «Қайсар-2» командасы арасындағы ойынмен түйіндейді.
Ал «Ұлытау» 18 қазанда Оралда «Ақжайықпен» жасыл алаңға шықса, 25 қазанда өз алаңында «SD Family» клубымен ойнайды.
Сондай-ақ бас жүлдеден қазір екінші орында келе жатқан «Қайрат-2» командасы да қол үзе қойған жоқ. Алматылық клуб аталған турда Түркістан облысының «Арысын» 2:1 есебімен сүріндірді.
Бұл турда Түркістан облысының «Жетісайы» «Таразды» 2:0, Оралдың «Ақжайығы» «Ақтөбе-2» командасын 1:0, алматылық «Хан тәңірі» қызылордалық «Қайсар-2» командасын 4:1 есебімен жеңді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы Австриядан ойсырай жеңілді.