Футболдан бірінші лигада «Шахтер» алғашқы ойында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 1-турының алғашқы ойын күні өтті.
Бұл күнгі матчтар шымылдығын «Түркістан» мен «Шахтер» (Қарағанды) командалары ашты.
Өз тарихында қарағандылық ұжым бірінші лигада алғаш рет бақ сынап отыр. Отыз жылдан астам уақыт бойы Премьер-лигада ойнап келген кеншілер клуб өткен жылды сәтсіз өткізіп, төменгі лигаға түсіп қалуға мәжбүр болды.
Бүгінгі кездесу барысында «Шахтер» жинақы қимыл көрсетті. Кездесу барысында олардың қатарынан Диас Қалыбаев 19-минутта есеп ашса, түркістандық Рамазан Али-Оглы 36-минутта таразы басын теңестірді. Ал 83-минутта «Шахтер» сапынан Олжас Керімжанов өз командасына жеңіс алып келді.
Осылайша «Шахтер» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Бұл күні павлодарлық «Ертіс» «Екібастұзды» 4:0 есебімен басым түссе, тағы бір кездесуде ақтаулық «Каспий» алматылық AKAS клубын 3:1 есебімен жеңді.
Енді 10 сәуірде «Оңтүстік Академия» (Шымкент) мен «Алтай» (Өскемен), «Тараз» бен «Жетісай» (Түркістан облысы), «SD Family» (Астана) мен «Қайрат-2» (Алматы), «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Ақтөбе-2» ойнайды.