Футболдан бірінші лигада «Шахтер» екінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 2-туры мәресіне жетті.
Бұл турдың екінші ойын күні, 18 сәуірде қарағандылық «Шахтер» өз алаңында елордалық «SD Family» командасын қабылдады.
Кездесу барысында астаналық клубтан Нұрәділ Серіков 17-минутта өз қақпасына гол соғып алса, одан кейін қарағандылық Максим Галкин 27, Диас Қалыбаев 62, Арман Нүсіп 66-минутта мергендік танытты. Оған елордалық командадан Арафат Валиев 87-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Шахтер» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, биылғы маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді.
Сондай-ақ алматылық AKAS «Түркістанды» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, шымкенттік «Оңтүстік академия» «Тараздан» 0:2 есебімен есе жіберді.
Ал «Алтай» (Өскемен) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы) 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Аталған турда 17 сәуірде алматылық «Қайрат-2» клубы алматылық «Хан тәңірін» 2:1, «Ертіс» «Ақтөбе-2» клубынан 1:0 есебімен басым түссе, Түркістан облысының «Жетісайы» ақтаулық «Каспийге» 0:1 есебімен жол берді.
Екі турдан кейін ұпай жоғалтпаған «Ертіс», «Каспий», «Шахтер» командалары алғашқы үш орынды өзара бөлісіп тұр.
Енді үшінші тур ойындары 24 және 25 сәуір күндері өткізіледі.