Футболдан бірінші лигада «Шахтер» мен «Каспий» жеңісті жолын жалғастырды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 22 мамырда футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 7-турының алғашқы ойын күні өтті.
Бұл күні көш басында келе жатқан қарағандылық «Шахтер» мен ақтаулық «Каспий» сәтті ойын көрсетті. Ал павлодарлық «Ертіс» тең нәтижеге қанағат білдірді.
Қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда алматылық «Қайрат-2» клубымен шеберлік байқасты. Олар қақпасына алғашқы болып гол жіберіп алды. Соған қарамастан ойын барысында оған екі голмен жауап беріп, қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Ал «Каспий» сырт алаңда астаналық «SD Family» командасын 3:0 есебімен сүріндірсе, «Ертіс» (Павлодар) пен «Академия Оңтүстік» (Шымкент) 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Аталған ойыннан кейін «Каспий» 18 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындағы «Шахтердің» 17 ұпайы бар. Ал «Ертіс» 15 ұпайды еншілеп тұр.
Енді 23 мамырда «Ақтөбе-2» (Алматы) мен AKAS (Алматы), «Екібастұз» (Павлодар облысы) бен «Жетісай» (Түркістан облысы), «Түркістан» мен «Алтай» (Өскемен), «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Тараз» ойнайды.
Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді. Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.