Футболдан Бірінші лигада «Тараз» сырт алаңда басты қарсыласын жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Бірінші лиганың VІ турыны алғашқы ойын күні өтті. Бұл турда жанкүйерлер тарапынан «Тұран» (Түркістан) — «Тараз» кездесуіне ерекше қызығушылық туындады. Биыл екі команда алдында Премьер-лигаға қайта оралу міндеті тұр. Сондықтан көпшілік көкейінде өзара кездесуде қайсысы жеңіске жетеді деген сауал тұрған еді.

Фото: Kffleague.kz

Кездесу барысында тараздық футболшылар жинақы қимыл көрсетті. Алдымен олардың қатарынан Диас Қалыбаев 16-минутта есеп ашса, 35-минутта Аманжол Мұхаметжанов мергендік танытты.

Осылайша «Тараз» басты қарсыласын сырт алаңда 2:0 есебімен сүріндіріп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Нәтижесінде олар 12 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

14 мамыр

«Тобыл-2» (Қостанай) — «Астана-2» 1:2
«Елімай-2» (Семей) — «Каспий-2» (Ақтау) 0:4
«Тұран» (Түркістан) — «Тараз» 0:2.

Енді 15 мамырда тағы төрт ойын өткізіледі. Олардың арасында турнир кестесінде көш басында келе жатқан «Шахтер» командасы да бар. Қарағандылық футболшылар ертең өз алаңында «Ақтөбе-2» клубын қабылдайды.

15 мамыр

14:00. «Шахтер» (Қарағанды облысы) — «Ақтөбе-2»
16:00. «Академия Оңтүстік» (Шымкент) — «Қайрат-2» (Алматы)
16:00. «Арыс» (Түркістан облысы) — «Хан тәңірі» (Алматы)
17:00. «Жайық» (Орал) — «Батыр» (Павлодар облысы)

Өткен жылы Бірінші лигада алғашқы үш орынға ие болған «Каспий» (Ақтау), «Ертіс» (Павлодар), «Алтай» (Өскемен) командалары Премьер-лигаға тікелей жолдама алды. Ал Премьер-лигада соңғы орынды місе тұтқан «Тұран» биыл бірінші лигада сынға түсіп қалды.