Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 26-турында Түркістанның «Тұраны» елордалық «Астана-2» командасын ойсырата жеңді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Түркістандық клуб бірнеше тур бұрын Премьер-лигаға берілетін жолдаманы қалтаға басып үлгерді. Қазір турнир кестесінде екінші орында келеді. Соған қарамастан команда 26-турдағы ойында «Астана-2» командасын 8:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал Оралдың «Ақжайығы» турнир кестесінде төртінші орында тұр. Олар бүгін сырт алаңда «Түркістанды» 1:0 есебімен қапы қалдырды. Премьер-лига жолдамасынан әлі де үмітті. Десе де олар үшінші орындағы астаналық «Жеңістен» бес ұпайға қалып тұр. Қазір «Жеңісте» - 56, «Ақжайықта» - 51 ұпай бар.
Тағы бір кездесуде «Екібастұз» «Оңтүстік академиясын» 2:1 есебімен жеңіп кетті.
Енді 20 қазанда «Елімай» мен «Арыс», «Хан тәңірі» мен «Қыран», «Ақтөбе-2» мен «Қайрат-2», «Тараз» бен «Жас қыран» командалары кездеседі.
Айта кетсек, бұдан бұрын футболдан бірінші лигаға түсіп қалған екі команда анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.