Былтыр Екінші лигада озық шығып, Бірінші лигаға биыл қосылса да шағын бір ауданның командасы Қазақстан Премьер-лигасына шығуға күш салып келеді. Қазірдің өзінде турнир кестесінде үздік үштікке жақындап келеді. Әлі де бірінші орынға шығу мүмкіндігінен қол үзген жоқ. Алғашқы екі орынға табан тіреген командалар алдағы жылы Премьер-лигаға шығуға тікелей жолдама алады. Ендеше, оған «Жетісайдың» толық мүмкіндігі бар.
Түркістандық клуб аталған турда Павлодар облысының «Екібастұз» клубын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде үздік үштікке көтерілді.
Сондай-ақ Түркістан облысының «Арысы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсар-2» командасын 3:2 есебімен тізе бүктірсе, «Ақтөбе-2» алматылық «Хан тәңіріне» 0:2, елордалық «SD Family» ақтаулық «Каспийге» 1:2 есебімен есе жіберді.
Ал, 15 тамызда көкшетаулық «Оқжетпес» «Ұлытаудан» 0:2 есебімен жеңілсе, Оралдың «Ақжайығы» «Түркістанды» 3:1, Өскеменнің «Алтайы» «Таразды» 2:1 есебімен жеңді.
Енді ХХI тур ойындары 22 тамыз күні өткізіледі.