НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасы финалына шыққан алғашқы команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған жолдамаға Англияның «Манчестер Сити» клубы ие болды. Ол бүгін өз алаңында Францияның «Пари Сен-Жермен» командасын 2:0 есебімен сүріндірді.
Естеріңізге сала кетелік, екі клуб арасындағы алғашқы кездесуде ағылшындық клуб 2:1 есебімен басым түскен болатын. Сондықтан бүгінгі ойында «Пари Сен-Жермен» жеңіске жету жолын іздеуі тиіс еді.
Десе де «Манчестер Сити» сенімді ойын көрсетті. Ойынның 11, 63-минуттарда Рияд Марез мергендігімен көзге түсті.
Чемпиондар лигасы жартылай финалындағы тағы бір кездесуде «Челси» (Англия) және «Реал Мадрид» (Испания) командалары шеберлік байқасады. Бұл ойын 5 мамырда болады.
UEFA Чемпиондар лигасының финалы 29 мамырда Түркияның Ыстанбұл қаласында Олимпиадалық стадионда болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.