НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы екінші ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ойында «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Манчестер Сити» (Англия) командалары кездесті.
Франциялық клуб алғашқы болып есеп ашқан еді. Оны 15-минутта Маркиньос өзінің еншісіне жазды. Бірінші кезеңде бұдан басқа гол соғылған жоқ.
Екінші кезеңде «Манчестер Сити» тізгінді қолға алуға тырысты. Нәтижесінде 64-минутта Кевин Де Брёйне таразы басын теңестірді. Ал 71-минутта Рияд Марез ағылшындық клубты алға шығарды.
Осылайша «Манчестер Сити» қарсыласын 2:1 есебімен басым түсті. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 4 мамырда өткізіледі.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Реал Мадрид» (Испания) пен «Челси» (Англия) командалары тең түсті .
UEFA Чемпиондар лигасының финалы 29 мамырда Түркияның Стамбул қаласында олимпиадалық стадионында болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.