Футболдан Чемпиондар лигасы: «Манчестер Юнайтед» алғашқы кездесуінде тең түсті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының алғашқы ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күні «Бенфика» (Португалия) мен «Аякс» (Нидерланды), «Атлетико Мадрид» (Испания) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) командалары кездесті.

«Бенфика» мен «Аякс» кездесуінде 2:2 есебі тіркелді. Ойын барысында нидерландтық клубтан Душан Тадич 18-минутта есеп ашты. Ал 26-минутта оның командалас әріптесі Себастьен Аллер автогол авторы атанса, ол 29-минутта өзінің қатесін түзеп, қарсыластар қақпасына гол соғып кетті. «Бенфика» сапынан Роман Яремчук 72-минутта қорытынды есепті белгіледі.

«Атлетико Мадрид» пен «Манчестер Юнайтед» командалары 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ойын барысында испаниялық клубтан Жоау Феликс есеп ашса, оған ағылшындық командадан Энтони Эланга 80-минутта бір голмен жауап қайырды.

Айта кетсек, 22 ақпанда «Вильярреал» және «Ювентус» 1:1 есебімен тең түссе, «Челси» өз алаңында «Лилль» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ, 15 ақпанда «Пари Сен-Жермен» (Франция) «Реал Мадрид» (Испания) командасын 1:0 есебімен тізе бүктірсе, «Спортинг» (Португалия) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) клубынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді.

16 ақпанда өз алаңында «Интер» (Италия) «Ливерпуль» (Англия) командасына 0:2 есебімен есе жіберсе, «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) және «Бавария» (Германия) ойынында 1:1 есебі тіркелді.

Енді қарымта кездесулер 8-9 және 15-16 наурыз күндеріне белгіленген.


Фото: twitter.com/@EmisorasUnidas