Футболдан ел біріншілігі: «Қайрат» «Тобылды» тізе бүктірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 20-турындағы орталық ойын болып өтті. Оңтүстік астананың «Қайрат» командасы өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, олардан 1:0 еебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанкүйерлер қос команданың биыл турнир кестесінде үздік үштікте келе жатқанын жақсы біледі. «Қайрат» екінші орында болса, «Тобыл» үздік үштікті түйіндеп тұр. Сондай-ақ, екі команда да үстіміздегі жылы Еуропа лигасында ел намысын қорғап жүргені жайы бар. Аталмыш клубтар бірінші іріктеу кезеңінен іркілмей өтті. «Қайрат» бірінші іріктеу кезеңінде Андорраның «Энгордань» клубын екі ойында 10:1 (7:1, 3:0) есебімен жеңіп, екінші іріктеу кезеңінің бірінші ойынында Голландияның АЗ (Алкмаар) клубын 2:0 есебімен жеңді. «Тобыл» да жанкүйерлер сенімінен табылды. Бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Самтредиа» комндасын 1:0 есептерімен жеңді. Ал екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын өз алаңында өткізген «Тобыл» Арменияның «Пюник» командасын 2:1 есебімен сүріндірді.

Қос команда үшін де ел біріншілігінде жинақы ойнау назардан тыс қалмайды. Оған себеп бар. Жылма-жыл чемпиондық атаққа қол жеткізу мақсатын алдына қоятын «Қайрат» биыл алтын медаль ала ма? Қазір турнир кестесінде «Астанадан» тоғыз ұпайға артта қалып келеді. Әрине, елордалық клубтың «Қайраттан» бүгінге дейін үш ойыны артық болды. Өткен турда «Қайрат» Шымкентте «Ордабасыдан» 1:2 есебімен  жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Ал «Тобыл» өткен турда өз алаңында «Ертіспен» 1:1 есебімен тең ойнап, небәрі бір ұпайды қанағат тұтты.

Сол себепті қос команда үшін де бұл ойында жеңіске жету маңызды еді. Кездесудің бірінші кезеңінде екі команда тарапынан да көзге түсетіндей шабуыл бола қойған жоқ. Көп жағдайда алаң иелері допқа иелік еткенімен, одан ешбір нәтиже келе қоймады. Шәкірттерінің сенімсіз ойынына шыдай алмаған «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос Феррер бірінші кезең аяқталмай жатып, футболшы ауыстыруға шешім қабылдады. Жасыл алаңға Андрей Аршавин шықты. Дегенмен одан да алып бара жатқан өзгеріс бола қойған жоқ. Бірінші кезең 0:0 есебімен тең нәтижемен мәресіне жетті.

Екінші кезеңде «Тобыл» сырт алаңнан үш ұпай олжалап қайтуға қарсы еместігін білдірді. Бастапқы сәтте «Қайрат» қақпасы маңында бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Десе де бұл сәттерде оларға дәлдік жетіспей жатты. Ойынның 59-минутында Адеринсола Эсеола өзіне әуелете берген пасты дұрыс пайдалана алмады. Ал 69-минутта «Қайрат» сапынан Исаээл Барбоза күтпеген жерден қарсыластар қақпасына соққы жасап, оған «Тобыл» қақпашысы Вячеслав Котляр қауқар көрсете алған жоқ. Ойында 1:0 есебімен «Қайрат» жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетелік, 28 сәуірде ел біріншілігінде 3 ойын болып өтті. Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1, «Астана» «Атырауды» 2:0 есебімен жеңсе, «Ақжайық» пен «Атырау» командалары 1:1 есебімен тең тарқасты.

Дәл қазір Павлодарда «Ертіс» пен Қарағандының «Шахтері», Шымкентте «Ордабасы» мен Талдықорғанның «Жетісу» командалары кездесіп жатыр.

Келесі 21-тур ойындары 4 және 5 тамыз күндері болады. Бұл турда 4 тамызда «Жетісу» мен «Ақжайық», «Атырау» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Астана» командалары кездеседі. Ал 5 тамызда «Шахтер» мен «Қайрат», «Тобыл» мен «Ордабасы», «Қызылжар» мен «Ертіс» командалары шеберлік байқасады.

Енді «Қайрат» та, «Тобыл» да Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесуіне дайындалады. 2 тамызда «Қайрат» Голландияда АЗ (Алкмаар), «Тобыл» Арменияда «Пюникпен» ойнайды.