Футболдан ел біріншілігі: Командалардың дайындығы қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28-29 шілде күндері еліміздің 6 қаласында футболдан ел біріншілігінің 20-тур ойындары өткізіледі. Алдағы турдың командалар үшін қандай ерекшелігі бар? ҚазАқпарат тілшісі осы спорттық ойындарға шолу жасады.

28 шілдеде Қызылорда қаласында жергілікті «Қайсар» мен Петропавлдың «Қызылжар» командалары кездеседі. Аталған клубтар бүгінге дейін 26 мәрте шеберлік байқасып, «Қызылжар» 11 мәрте жеңіске жеттіп, ал 10 кездесуде «Қайсар» басымдығын танытқан. 5 кездесу тең аяқталды. Соңғы рет екі команда осыдан тоғыз жыл бұрын,  2008 жылдың 27 сәуірінде ойнап, онда «Қызылжар» 1:0 есебімен үш ұпайды олжалап кетті. Айта кетерлігі, «Қайсар» 9 мамырдан бері өз алаңында жеңіске жете алмай жүр. «Қайсар» сол жолы Қарағандының «Шахтерінен» 3:0 басым түскен еді. Аталмыш жеңісінен кейін қызылордалық футболшылар Қызылордада 2 мәрте жеңіліп, 3 мәрте тең түсті. Жанкүйерлер ойынды сағат 19.00-де тамашалай алады.

Дәл осы күні елордада «Астана» мен «Атырау» жасыл алаңға шығады. Командалар бұған дейін 24 мәрте тартысқа түсті. Нәтижесінде «Астана» 15 мәрте мықты екенін дәлелдесе, «Атырау» 4 рет айласын асырып кетті. Ал 5 кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ. «Атырау» аталмыш қарсыласын елорда төрінде соңғы мәрте 2013 жылдың 21 шілдесінде 1:0 есебімен жеңген екен. Содан бері «Астана» еншісінде 5 жеңіс болса, бір кездесуде 0:0 есебі тіркелді. Былтыр «Атырау» аталмыш қарсыласынан Астанада 0:7 есебімен ойсырай жеңілгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Оны бүгінгі 19.00-де басталатын ойын барысында бағамдаймыз.

Оралда жергілікті «Ақжайық» көршілес облыстың «Ақтөбе» командасын қабылдайды. Айта кетерлігі, Батыс Қазақстан облысының клубы аталмыш қарсыласынан өз алаңында соңғы рет 2012 жылдың 15 сәуірінде 1:0 есебімен басым түсті. Содан бері барлығы 6 кездесу өтіп, «Ақжайық» «Ақтөбенің» осал тұсын таба алмай келеді. Сырт алаңда «Ақтөбе» биыл 3 мәрте жеңіске жеткен. Ал «Ақжайық» Оралда үстіміздегі жылы 5 мәрте үш ұпай олжалады. Кездесу сағат 20.00-де басталады.

29 шілдеде Алматыда «Қайрат» пен Қостанайдың «Тобылы» шеберлік байқасады. Биыл турнир кестесінде қос команда екінші және үшінші орындарда тұр. «Тобыл» Алматыда соңғы рет 2010 жылдың 7 мамырында 1:0 есебімен сүріндірген. Одан бері қос команда қаншама мәрте Алатау бөктерінде ойнады. 2011 жылы 26 маусымда олар 0:0 есебімен тең түсті. Қалған кездесудің барлығында «Қайрат» мықтылығын танытып келеді. Жалпы, қос команда арасындағы жекпе-жекте «Қайрат» 25 мәрте жеңіске жетіп, 20-да қостанайлық ұжым үш ұпай олжаласа,  11 ойын тең аяқталды. Кездесу сағат 19.00-де болады.

Тағы бір ойын Павлодарда «Ертіс» пен Қарағандының «Шахтер» командалары арасында болады. Қос команда бұған дейін 71 мәрте жолыққан. «Ертіс» 38 мәрте жеңсе, «Шахтер» 16 рет жеңіп, 17 ойын тең аяқталған. Биыл қос команда да нашар ойнап жүр. Турнир кестесінде «Ертіс» 9, «Шахтер» 11 орында тұр. Павлодар командасы өз алаңындағы ойындардың небәрі 4-де ғана үш ұпай алса, қалғанының барлығында қарсыластың ығына жығылды. Сырт алаңда жеңіске жету жөнінен «Шахтердің» де қоржыны бос. Небәрі 1 ойында ғана жеңіске жеткен. Кездесу сағат 19.00-де болады.

Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдайды. «Ордабасы» аталмыш қарсыласынан 13 мәрте басым түсіп, 12 рет тең түсіп, 13 рет жеңіліс тапқан. Соңғы рет «Жетісу» Шымкентте «Ордабасыны» 2016 жылы 29 мамырда 1:0 есебімен тізе бүктірген. Үстіміздегі жылы «Ордабасы» турнир кестесінде алғашқы бестікте келе жатса, «Жетісу» да ортан белінде тұр. Бұл ойынды жанкүйерлер сағат 20.00-де тамашалай алады.

Өткен турда өз алаңында «Ордабасы» «Қайратты» 2:1, «Атырау» «Ақжайықты» 2:0 есебімен  тізе бүктірсе , «Тобыл» мен «Ертіс» 1:1, «Шахтер» мен «Қайсар» 2:2 есебімен тең ойнап, «Жетісу» «Ақтөбеден» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.