НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің он бесінші турында екі ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралда жергілікті «Ақжайық» пен Шымкенттің «Ордабасы» командалары кездесті. Ойын тағдырын 77-минутта шымкенттік Одилбек Абдумажитов соққан жалғыз гол шешті. Нәтижесінде шымкенттіктер 1:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды.
Ал Павлодарда «Ақсу» мен қарағандылық «Шахтёр» 1:1 есебімен тең тарқасты. Ойын барысында алаң иелерінен Еркебұлан Тұңғышбаев 26-минутта есеп ашса, 56-минутта қарағандылық шабуылшы Роман Муртзазаев таразы басын теңестірді.
Аталған турдағы қалған ойындар 26 маусымда өткізіледі. Бұл күні 17:00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Тобыл» (Қостанай), 19:00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Тұран» (Түркістан), «Тараз» бен «Қайрат» (Алматы) ойнайды.
Ойындарды 21:00-де «Ақтөбе» мен «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Атырау» командалары түйіндейді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.