НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының тоғызыншы турында «Атырау» өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкенттіктер 14 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында тұрса, атыраулықтар жетінші сатыда еді.
Бірінші таймда 29-минутта айып добы орындалғаннан кейін «Атырау» құрамындағы ресейлік қорғаушы Николай Тарасов баспен гол соқты – 1:0. Қонақтардан 46-минутта Эльхан Астанов 11 метрлік айып добын дәл орындады – 1:1.
Екінші таймда 53-минутта қақпашымен жекедара шыққан «Атырау» сұрмергені, хорватиялық Андрия Филипович есепті 2:1-ге жеткізді.
Бұдан кейін шымкенттіктер қанша шабуылдап баққанымен, есеп өзгерген жоқ.
Осы ойыннан кейін 14 ұпай жинаған атыраулықтар көш басындағы командалардың қатарына қосылды.
Тоғызыншы турдың қалған ойындары 2 мамыр күні өтеді. «Ақтөбе» «Ақжайықты», «Қайрат» «Қызылжарды», «Ақсу» «Каспийді», «Мақтаарал» «Таразды» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионатында «Астана» «Тұранмен» тең ойнағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).