Футболдан ел біріншілігінде «Мақтарал» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 23-турының алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы алғашқы кездесуде Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Таразбен» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Салдарынан оралдық клуб турнир кестесінде ең соңғы орынға түсіп қалды.

Ал олардың басты қарсыласы - Түркістан облысының «Мақтаралы» сырт алаңда Ақтаудың «Каспийін» 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Нәтижесінде бірінші лигаға түсіп қалу қауіпті аймағынан шығып, он екінші орынға көтерілді.

Тағы екі кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңсе, Түркістанның «Тұраны» сол есеппен Павлодар облысының «Ақсуына» жол берді.

Енді аталған турдағы қалған үш ойын 14 қазанда өткізіледі. Бұл күні «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе», «Қызылжар» (Петропавл) мен «Атырау», «Қайрат» (Алматы) мен «Астана» кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан футбол құрамасының 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы ойын кестесі анықталды.