Футболдан ел біріншілігінде «Ордабасы» көш басына көтерілді
Өткен турда шымкенттіктер өз алаңында «Қызылжарды» 3:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде 4-орынға көтерілген еді.
Ал Құрбан Бердыевтің шәкірттері Алматыда күтпеген жерден «Тұраннан» жеңіліс тапқан болатын.
Бірінші таймда қонақтардың қорғаушысы Егор Ткаченко өз айып алаңында қолмен ойнағаннан кейін 11 метрлік айып добы белгіленді.
Оны 11 минутта Эльхан Астанов мүлтіксіз пайдаланды. Дегенмен 31-минутта алматылық Артур Шушеначев таразы басын теңестірді.
Екінші таймда 52-минутта «Ордабасының» сұрмергені, франциялық Серж Ньюадзи командасын алға шығарды – 2:1.
Содан кейін 76-минутта «Қайрат» сапындағы португалиялық Рикардо Алвеш тепкен пенальтиді «Ордабасы» қақпашысы Бекхан Шайзада қайтарып, алматылықтардың есепті теңестіруіне мүмкіндік берген жоқ.
Осылайша, 14 ұпай жинаған Александр Седневтің шәкірттері турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бүгін футболдан ел чемпионатының сегізінші туры басталатынын жазған болатынбыз.