Футболдан ел біріншілігінде «Ордабасы» «Тұраннан» жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 18-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойында Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Таразды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Одан кейінгі кездесуде «Атырау» өз алаңында Ақтаудың «Каспийінен» 3:2 есебімен басым түсті. Ойын барысында алаң иелерінен Юрий Завезён 60, Андрия Филипович 65, 86-минуттарда мергендік танытты. Ал «Каспий» сапынан Иван Пешич 18, 51-минуттарда гол соқты.

Ал Павлодар облысының «Ақсуы» Түркістан облысының «Мақтаралын» 4:2 есебімен жеңді. Ойын барысында «Мақтарал» сапынан Жан Али Пайруз 16, Биллал Себаихи 26-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Оған «Ақсу» клубынан Тони Сильва 18, Еркебулан Тұңғышбаев 31, 47, 64-минуттарда төрт голмен жауап қайырды.

Сондай-ақ, Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Түркістанның «Тұранына» 1:2 есебімен жол берді. Кездесуде «Тұран» сапынан Бекзат Қабылан 33, Олжас Керімжанов 40-минуттарда гол соқса, «Ордабасы» ойыншысы Карам Сұлтанов 58-минутта мергендік танытты.

Енді 5 қыркүйекте 19:00-де «Қайрат» (Алматы) пен «Тобыл» (Қостанай) ойыны басталса, 20:00-де «Ақтөбе» мен «Қызылжар» (Петропавл) жасыл алаңға шығады.

Аталған турды 21:00-де «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Ақжайық» (Орал) ойыны түйіндейді.