НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі тоғызыншы турында Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерінен» ойсырай жеңілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанайлық клуб бүгін сырт алаңда «Шахтермен» кездесті. Ойын барысында қарағандылық команда сенімді ойын көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Тимур Досмағамбетов 33, 62-минуттарда пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Алаң иелерінен тағы Николай Ковталюк 47, Роман Муртазаев 81-минуттарда мергендік танытты. Оған «Тобыл» сапынан Айбар Жақсылықов 70-минутта жалғыз голмен жауап қайырды.
Осылайша «Шахтер» қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Қазір аталған турда Алматының «Қайраты» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдауда. Әзірге есеп 0:0.
Ал «Ақтөбе» мен «Ақжайық» екінші кезеңінде 1:1 есебімен тең түсіп жатыр.
Сондай-ақ, бүгін «Ақсу» мен «Каспий», «Мақтаарал» мен «Тараз» командалары кездеседі.
Еске салсақ, кеше «Атырау» «Ордабасын» ұтса, «Астана» «Тұранмен» тең ойнады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.