ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 19-турында «Ақжайық» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған дейін қарағандылықтар 27 ұпаймен төртінші орында тұрса, оралдықтар 13-сатыда еді.
Бірінші тайм соңында қонақтардан Роман Муртазаев мергендік танытты.
Екінші кезеңде 75-минутта Тимур Чогадзе есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін 84-минутта «Шахтердің» қақпашысы Игорь Шацкий 11 метрлік нүктеден Тома Табатадзенің соққысын қайтара білді. 90-минутта «Ақжайықтан» Виталий Приндета есепті қысқартқанымен, «Ақжайықтың» одан әріге шамасы жетпеді.
Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жеткен «Шахтер» 30 ұпай жинап, көш басындағыларға жақындай түсті. Ал қатарынан екі мәрте жеңіліс тапқан оралдықтардың жағдайы тіпті қиындады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Астананың» екінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Қазақстан футбол құрамасы БАӘ командасымен жолдастық кездесу өткізеді .
Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).