НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің сегізінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көш басында келе жатқан Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Жамбыл облысының «Тараз-Қаратау» командасымен 1:1 есебімен тең түсті.
Турнир кестесінде көш басында жүрген тағы бір ұжым Көкшетаудың «Оқжетпесі» елордада «Астана-2» клубымен дәл сондай нәтижеге қанағат білдірді.
Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Қызылорданың «Байқоңырын» 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Түркістанның «Яссы» клубы «Қайрат-2» клубынан 1:4 , Қарағандының «Шахтер-Болаты» Шымкенттің «Қыран» командасынан 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Сондай-ақ, «Оңтүстік Академия» өз алаңында «Екібастұзға» 1:2 есебімен жол берсе, Жамбыл облысының «Игілігі» елордалық «Жеңісті» 2:0 есебімен сүріндірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан ел біріншілігінде «Қайрат» «Мақтаралдан» басым түскенін жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.