Дүбірлі доданың 1/8 финалындағы екінші кездесуде Италия мен Австрия жасыл алаңға шықты.
Екі құрама бұған дейін 38 мәрте кездесті. Оның 17-сінде Италия басым түсіп, 13-інде Австрияның мерейі үстем болды, қалғанында тең нәтиже тіркелді. Айта кетерлігі, соңғы рет Австрия аталған қарсыласын 1960 жылдың 10 желтоқсанында өткен жолдастық кездесуде жеңген болатын. Содан бері 13 кездесудің 10-ында австриялықтар қарсыласына есе жіберіп, қалғанында аталған құрамалар тең нәтижеге қанағат білдірді.
Бүгінгі кездесуде екі құраманың да жеңіске жетуге мүмкіндігі зор болды. Десе де көптеген сәттерде ойыншылар көздеген нысанадан мүлт кетті.
Ал 67-минутта австриялық шабуылшы Марко Арнаутович қарсыластар қақпашысын қапы қалдырған еді. Дегенмен төреші VAR жүйесіне сүйеніп, оны ойыннан тыс қалды деп есептеп, голды санаған жоқ.
Негізгі кезеңде 0:0 есебі тіркеліп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 95-минутында Федерико Кьезо қақпаны дәл көздеді. Ал Маттео Пессина 105-минутта есепті үстемеледі. Оған австриялық Саша Калайджич 114-минутта бір голмен жауап қайырған еді.
Кездесуде Италия қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, жарыстың ширек финалына өтті.
Айта кетсек, 26 маусымда 1/8 финалда бір ойын өткізілді. Дания Уэльсті 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Енді жарыстың 1/8 финалында 27 маусымда Нидерланды мен Чехия, Бельгия мен Португалия кездеседі. Ал 28 маусымда Хорватия мен Испания, Франция мен Швейцария, 29 маусымда Англия мен Германия, Швеция мен Украина жасыл алаңға шығады.