НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финал сатысындағы топтық кезеңі екінші турында Украина мен Солтүстік Македония құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, аталған екі құрама С тобында сынға түседі. Қарсыластары – Нидерланды және Австрия.
Алғашқы турда Украина Нидерландыдан 2:3 есебімен жеңілсе, Солтүстік Македония Австрияға 1:3 есебімен есе жіберді.
Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездескен. Оның үшеуінде украиндар жеңіске жетіп, біреуінде македондар басым түссе, біреуінде тең нәтиже тіркелді.
Бүгінгі кездесуде екеуінің үш ұпайды олжалауға мүмкіндігі зор болды. Десе де, украиндар жеңіске жетуге жақын тұрды.
Олардың қатарынан Андрей Ярмоленко 29, Роман Яремчук 34-минуттарда мергендік танытса, қарсыластарынан Эзган Алиоски 57-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Бұдан кейін таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Енді С тобында бүгін тағы бір ойында Нидерланды мен Австрия кездеседі. Ол елорда уақытымен 00.45-те «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.