Футболдан Испания чемпионаты мәресіне жетті
Биыл «Реал Мадрид» командасы чемпиондық атаққа қол жеткізді. Екінші орын «Барселонаға» бұйырды. Үздік үштікті «Атлетико Мадрид» командасы түйіндеді.
Соңғы турда «Барселона» сырт алаңда «Алавес» командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл ойында Лионель Месси 34, 75 минутта қос гол соқты. Ол осылайша биыл өз еншісіне 25 гол жазып, сұрмергендер көшінде озық шықты. Сондай-ақ, аталмыш кездесуде «Барселона» сапынан Ансу Фати 24, Луис Суарес 44, Нельсон Семеду 57-минутта мергендігімен көзге түсті.
Ал «Реал Мадрид» сырт алаңда «Леганеспен» кездесті. Ойында «Реал Мадрид» сапынан 9-минутта Серхио Рамос есеп ашты. Оған алаң иелері қатарынан 45-минутта Бриан Хиль бір голмен жауап қайырды. Ойынның 52-минутында корольдік клуб сапынан Марко Асенсио мергендік танытты. «Леганес» ойыншысы Роже Ассале 78-минутта таразы басын теңестірді. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.
Естеріңізге сала кетелік, «Реал» өз тарихында 34-інші мәрте Испания чемпионы атанды .
Футболдан Испания чемпионатының алдағы маусымы 12 қыркүйекте басталады деп жоспарланып отыр.