АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Хорватиямен матчта Канада үшін тарихи дерек тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойын басталысымен-ақ үйеңкі елінің басты жұлдызы, 21 жастағы Альфонсо Дэвис мергендігімен көзге түсті.
Оң қанаттағы Ричи Лареядан пас алған А.Дэвис баспен допты қақпаға дәл түсірді. Осылайша, ол Канада құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты.
Бұған дейін канадалықтар 1986 жылғы біріншілікте өнер көрсетіп, ұпай түгілі, бірде-бір гол соға алмай кеткен еді.
«Бавария» (Мюнхен) клубының қорғаушысы А.Дэвистің Бельгиямен өткен ойында да гол соғатындай мүмкіндігі болып еді. Алайда ол 11 метрлік нүктеден мүлт кетті.
F тобында бүгін Бельгияны Марокко 2:0 есебімен ұтып кетті.
Ал Хорватия Канададан есе қайыра ала, оны бәсеке барысы көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Килиан Мбаппенің Францияны плей-офф кезеңіне шығарғанын жазған болатынбыз.
Фото: Getty Images
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).