«Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Арменияны қабылдады, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл Қазақстан командасының УЕФА-ның Ұлттар лигасындағы соңғы, алтыншы матчы еді.
Бірінші таймда 40-минутта Қазақстан құрамасының капитаны Юлия Мясникова есеп ашты.
Екінші кезеңде 48-минутта Аида Гайстенова есепті 2:0-ге жеткізді. Он минуттан кейін Ю.Мясникова екінші голын соқты. 68-минутта Армения ойыншысы Клаудия Чолакян айып добын орындады. Доп Қазақстан қақпашысы Ангелина Портнованың арқасына тиіп, қақпаға кіріп кетті. Дегенмен 71-минутта Камила Құлмағамбетова матчтың нүктесін қойды – 4:1.
Алты турдың қорытындысы бойынша Мадияр Кембілов жаттықтыратын Қазақстан С4 тобында 8 ұпаймен үшінші орынға ие болды. Израиль (16 ұпай) көш бастаса, Эстония (10 ұпай) екінші сатыға жайғасты. Ал Арменияда бірде-бір ұпай жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).