НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он жетінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, бұған дейін аталған турдағы екі ойын нәтижесі белгілі болды. Елордада «Астана» Шымкенттің «Ордабасы» клубынан 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Оралда «Ақжайық» пен Қарағандының «Шахтері» 1:1 есебімен тең түсті .
Үшінші ойында «Ақтөбе» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдады. Аталған кездесуде алдымен петропавлдық командадан Дарко Зорич 68-минутта есеп ашса, одан кейін 81-минутта ақтөбелік Юрий Логвиненко таразы басын теңестірді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Айта кетейік, аталған турдағы қалған төрт ойын 23 маусымда өткізіледі. Бұл күні «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау», «Қайрат» (Алматы) мен «Каспий» (Ақтау), «Тараз» бен «Тұран» (Түркістан), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.