НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде Алматының «Қайраты» көш басына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматылық клуб бүгін, 9 сәуірде, өз алаңында Ақтаудың «Каспий» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесу тағдырын шешкен голды Жоао Паоло 41-минутта өзінің еншісіне жазды.
Аталған жеңістен кейін «Қайрат» турнир кестесінде көш басына шықты.
Алдымен Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда «Атырауды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Одан кейін көш басында келе жатқан Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Шымкенттің «Ордабасы» командасына 1:3 есебімен есе жіберді .
Сондай-ақ, 10 сәуірде «Шахтер» (Қарағанды) және «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Ақтөбе», «Тұран» (Түркістан) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Тараз» командалары кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.