Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Астана» көш басына шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 18 cәуірде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің алтыншы турында үш ойын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойында «Тараз» өз алаңында Оралдың «Ақжайық» командасын жеңді. Кездесу тағдырын алаң иелері қатарынан 48-минутта Педро Эуженио соққан жалғыз гол шешті. Осылайша тараздықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Аталған жеңісінен кейін «Тараз» турнир кестесінде 14 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Елордада «Астана» Қызылжардың «Қызылжар» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Кездесуде елордалық Абзал Бейсебеков 4-минутта есеп ашқан еді. Оған қызылжарлық командадан Әлібек Қасым 40-минутта бір голмен жауап берді. Одан кейін «Астана» сапынан Марион Томасов 65, Макс Эбонг 67-минуттарда гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. Жеңісінен кейін елордалық клуб турнир кестесінде көш басына шықты.

Ал Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен «Атырау» командалары 1:1 есебіне қанағат білдірді. Бұл ойында алаң иелерінен Каролис Лаукжемис 4-минутта есеп ашса, 83-минутта атыраулық Дмитрий Гузь таразы басын теңестірді.

Аталған турдағы қалған ойындар 19 сәуірде өткізіледі. Бұл күні «Жетісу» мен «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Тобыл», «Тұран» мен «Каспий» командалары кездеседі.