НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он алтыншы туры басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойындар 18 және 19 маусым күндеріне белгіленген. Алғашқы күні төрт жұп кездессе, екінші күнінде үш матч өтеді.
Аталған турдың шымылдығы 12 маусымда 18.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақжайық» (Орал) командалары кездесуімен ашылады. Одан кейін 19.00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Тараз», 20.00-де «Атырау» мен «Астана» (Нұр-Сұлтан), 21.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақтөбе» кездесулерімен жалғасады.
Ал 19 маусымда 19.00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Каспий» (Ақтау) мен «Қайсар» (Қызылорда) ойындары болады. Бұл турды 21.00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Қайрат» (Алматы) кездесуі түйіндейді.
Он бесінші турдан кейін 35 ұпаймен «Астана» көш бастап келеді. Одан кейінгі орындардағы «Тобылдың» 32, «Қайраттың» 27 ұпайы бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.