Ойындар 13 және 14 сәуір күндеріне белгіленген. Алғашқы күні екі ойын өткізілсе, одан кейін қалған бес кездесу жанкүйерлер назарына ұсынылады.
Аталған тур шымылдығы 13 сәуірде 14.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақтөбе» командалары арасындағы ойында түріледі. Одан кейін 16.00-де «Шахтер» (Қарағанды) және «Ақжайық» (Орал) командалары жасыл алаңға шығады.
Ал 14 сәуірдегі алғашқы кездесу 15.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Астана» (Нұр-Сұлтан) арасында болады. Келесі кезекте 16.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Қайрат» (Алматы), 17.00, 18:00 «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайсар» (Қызылорда) клубтары өзара шеберлік байқасады. Сондай-ақ, 18.00-де «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнаса, аталған турды 20.00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Тараз» клубтары түйіндейді.
Естеріңізге сала кетелік, төртінші турдан кейін көш басында 10 ұпаймен Алматының «Қайрат» командасы келеді. Екінші және үшінші орындардағы «Астана» және «Тараз» командаларының еншісінде сегіз ұпайдан бар.