НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он бірінші туры басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойындар 14 және 15 мамыр күндеріне белгіленген. Алғашқы күні төрт жұп кездессе, екінші күнінде үш матч өтеді.
Аталған турдың шымылдығы 14 мамырда елорда уақытымен 14.00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Тұран» (Түркістан) командалары кездесуімен ашылады. Одан кейін 16.00-де «Ақжайық» (Орал) пен «Қайрат» (Алматы), 18.00-де «Ақтөбе» мен «Қайсар» (Қызылорда), 20.00-де «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойындарымен жалғасады.
Ал 15 мамырда 15.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Каспий» (Ақтау) кездессе, 17.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары шеберлік байқасады. Аталған турды 19.00-де «Атырау» және «Тараз» кездесуі түйіндейді.
Оныншы турдан кейін турнир кестесінде 26 ұпаймен «Астана» көш бастап келеді. Одан кейінгі орындардағы «Тобылдың» 21, «Тараздың» 17 ұпайы бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.