НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 23 сәуірде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің жетінші туры басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойындар 23 және 24 сәуір күндеріне белгіленген. Алғашқы күнінде төрт жұпта командалар өзара кездессе, екінші күнінде үш кездесу болады.
23 сәуірде 15.00-де «Каспий» (Ақтау) және «Тараз» клубтары аталған турдың шымылдығын түреді. Одан кейін 17.00-де «Шахтер» (Қарағанды) және «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Атырау» мен «Қайрат» (Алматы) жасыл алаңға шығады. Бұл күнгі соңғы ойын 19.00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Тұран» (Түркістан) арасында өтеді.
Ал 24 сәуірде 15.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Жетісу» (Талдықорған), «Ақжайық» (Орал) пен «Ақтөбе» командалары шеберлік байқасады. Жетінші турды «Ордабасы» (Шымкент) пен «Қайсар» (Қызылорда) командалары түйіндейді.
Естеріңізге сала кетелік, алтыншы турдан кейін 14 ұпаймен «Астана» және «Тараз» командалары көш бастап тұр. Үздік үштікте «Қайрат» 12 ұпаймен келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.