Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайрат» пен «Тобыл» көш басына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 17 наурызда футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің үшінші турында алты ойын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылғы ел чемпионы Қостанайдың «Тобыл» командасы өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал «Астана» елордада «Ақтөбеден» 2:0 есебімен айласын асырып кетті.

Былтыр үздік үштікте болған Алматының «Қайраты» мен «Тараз» кездесуінде 1:1 есебі тіркелді.

«Атырау» өз алаңында Түркістан облысының «Мақтаралын» 2:1, Шымкенттің «Ордабасы» клубы Оралдың «Ақжайығын» 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Тағы бір кездесуде «Тұран» (Түркістан) «Каспий» (Ақтау) командасына 0:1 есебімен жол берді.

Еске салсақ, аталған турдағы «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) арасындағы кездесу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді.

Көш басында жеті ұпаймен «Қайрат», «Тобыл» және «Каспий» командалары келеді.