Футболдан Қазақстан біріншілігі: Клубтар екі айға үзіліске шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 19-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы соңғы кездесуде «Тараз» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» командасын қабылдады.

Екі команданың да жеңіске жету мүмкіндігі болды. Десе де алаң иелері үш ұпайды олжалап кетті. Оны 56-минутта Педро Эуженио өзінің еншісіне жазды.

Айта кетерлігі, тараздықтар он ойынға созылған сәтсіздіктер сериясын тоқтатып, жеңіске жетті. Ал ақтаулық футболшылар төрт кездесуде небәрі бір ұпайға қолы жетті.

Айта кетсек, аталған турда 2 шілдеде үш ойын өткізіліп, «Қайрат» «Атырауды» 5:0, «Астана» «Шахтерді» 4:3, «Ақтөбе» «Ақжайықты» 2:1 есебімен жеңді.

Одан кейін 3 шілдеде «Жетісу» мен «Қызылжар» 0:0 есебімен тең түсіп, «Қайсар» «Ордабасыны» 1:0 есебімен жеңсе, «Тұран» «Тобылға» 2:4 есебімен есе жіберді.

Аталған турдан кейін «Тобыл» 35 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы «Астананың» 41, «Қайраттың» 37 ұпайы бар.

Еске салсақ, ел біріншілігінде 20 қыркүйекке дейін үзіліс жарияланды. Бұл аралықта Қазақстан кубогы ойындары өткізіледі.