НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он сегізінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі үшінші ойында Шымкентте «Ордабасы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдады. Аталған кездесуде алаң иелері жеңіске жету жолын іздеді.
Нәтижесінде 13-минутта шымкенттік клубтан Сергей Хижниченко есеп ашты. Келесі кезекте Мирзад Механович 44, 68-минуттарда мергендік танытып, қос голдың авторы атанды. Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Сол арқылы шымкенттік клуб турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, бүгін аталған турда тағы екі кездесу өткізілді. Петропавлда «Қызылжар» мен елордалық «Астананы» 3:2 , Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Ақтөбені» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Қалған төрт ойын ертең, 28 маусымда болады. Бұл күні «Ақжайық» пен «Тараз», «Тобыл» мен «Қайрат», «Каспий» мен «Тұран», «Атырау» мен «Қайсар» жасыл алаңға шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.