Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Тобыл» қайтадан көш басына шықты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 19-турында екінші ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі алғашқы кездесуде Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдады. Аталған ойында 0:0 есебі тіркелді. Талдықорғандық клуб бір ұпай ғана олжалап, турнир кестесінде соңғы орында тұр.

Тағы бір кездесу Түркістанда «Тұран» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары арасында өтті. Матч алаң иелері үшін сәтті басталған еді. Бірінші кезеңнің 16-минутында түркістандық Темірлан Әміров мергендік танытса, 33-минутта оның командалас әріптесі Олжас Керімжанов өзінің қақпасына гол соғып алды. Ал 56-минутта қостанайлық клубтан Тони Сильва пенальтиді мүлтіксіз орындаса, 76-минутта Темірлан Әміров таразы басын теңестірді. Одан кейін «Тобыл» сапынан Сергей Малый – 84, Элгуджа Лобжанидзе 87-минуттарда гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. Ойында қостанайлық клуб 4:2 есебімен жеңіп, турнир кестесінде көш басына қайта шықты.

Екінші ойын күнін Қызылордада «Қайсар» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубтары түйіндеді. Кездесу барысында Мақсат Байжанов 42-минутта қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Осылайша алаң иелері қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетсек, аталған турда үш ойын өткізіліп, «Қайрат» «Атырауды» 5:0, «Астана» «Шахтерді» 4:3, «Ақтөбе» «Ақжайықты» 2:1 есебімен жеңді.

Аталған турды 4 шілдеде сағат 19.00-де «Тараз» бен «Каспий» (Ақтау) кездесуі түйіндейді.