НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он үшінші турында алғашқы ойын аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жолы Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады. Турнир кестесінде көш соңында келе жатқан командалар арасындағы кездесуде алаң иелері басымдық танытты.
Ойынның 31-минутында Адам Адахаджиев есеп ашса, 59-минутта Аслан Әділ есепті үстемелей түсті. Бұған «Қайсар» тарапынан жауап беруге тырысты. Дегенмен ойлаған мақсатына жете алған жоқ. «Жетісу» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, бүгін 21.00-де «Ақтөбе» мен «Тұран» (Түркістан), «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Қайрат» (Алматы) кездесулері болады.
Ал 24 мамырда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тараз», «Қызылжар» (Петропавл) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақжайық» (Орал) мен «Каспий» (Ақтау) ойындары өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.