Екінші ойын күнінде «Жетісу» (Талдықорған) мен «Астана» командалары кездесті. Қарсыластар турнир кестесінде қатарлас келеді. Сондықтан олар тартысты ойын өткізді. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз гол «Жетісуға» жеңіс алып келді.
Осылайша қарсыласынан 1:0 есебімен басым түскен олар турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Біріншіліктегі екінші жеңісіне жетті.
Ал «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қызылжар» (Петропавл) 0:0 есебіне қанағат білдірсе, көкшетаулық «Оқжетпес» (Көкшетау) өз алаңында жезқазғандық «Ұлытауға» 1:2 есебімен есе жіберді.
Аталған турда 22 мамырда шымкенттік БИИК командасы сырт алаңда Қостанайдың «Тобылын» 18:0 есебімен жеңсе, «Атырау» түркістандық «Томирис-Тұраннан» 0:7, семейлік «Елімай» «Ақтөбеден» 0:5, астаналық «Жеңіс» Алматының «Қайраттан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан әйелдер құрамалары құрылған. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.