ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының 22-турында «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін оралдықтар 29 ұпаймен алтыншы орында тұрса, «Қайсар» небәрі 15 ұпаймен 13-сатыда еді.
Бірінші таймда алаң иелері көбірек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде 65-минутта «Ақжайық» сапындағы ресейлік Евгений Козлов мергендік танытты.
Алайда көп ұзамай қарсы шабуылдардың бірінде қонақтардан литвалық легионер Каролис Лаукжемис таразы басын теңестіріп кетті - 1:1.
Украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын «Ақжайық» командасы келесі ойынын 2 қазанда Алматыда ел чемпионы «Қайратпен» өткізеді.
Ал бірінші лигаға түсіп қалу қаупі анық төнген қызылордалықтар Ақтөбеде ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» мен «Ақжайықтың» тең тарқасқанын жазған болатынбыз.
Фото: Айбатыр Нұраш
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).