Футболдан Қазақстан чемпионатында «Шахтер» «Таразды» тізе бүктірді
«Тараз» бен «Шахтер» сәйкесінше 25 және 24 ұпаймен турнир кестесінде 6-7-орында құйрық тістесіп келе жатқан еді.
Бірінші таймның 16-минутында «Шахтер» сапындағы босниялық Эдин Рустемовичтің бағыттаған добынан кейін «Тараздың» қорғаушысы Нұрлан Дайыров баспен өз қақпасына гол соғып алды.
Тараздықтардың есепті теңестіретіндей мүмкіндіктері болды. Болгариялық Милен Гамаковтың алыстан тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Алайда, есеп екінші кезеңде де өзгерген жоқ.
Осылайша, 1:0 есебімен қарсыласын тізе бүктіріп, 27 ұпай жинаған қарағандылықтар турнир кестесінде төртінші сатыға көтерілді.
Бүгін ел біріншілігінде тағы да бірнеше ойын өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан кубогінің жартылай финалына шыққан екінші команда анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, «Тұран» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті.